Тестілеу кезінде:
1) тестілеу нысанында әрбір пән бойынша тестілеу тапсырмаларының (сұрақтарының) саны 25 болып белгіленеді; әрбір тест тапсырмасының дұрыс жауабы 1 балмен бағаланады; тестілеуге екі пән бойынша 1 сағат 15 минут беріледі; дұрыс жауаптар коды тестілеу аяқтала салысымен ілінеді; тестілеу нәтижелері өткізілген күні хабарланады;
2) пәндер бойынша емтихандардың, қабылдау емтихандарының нәтижелері бойынша алынған «3», «4», «5» бағаларын қабылдау комиссиясы мынадай шкала бойынша: «3» – 8 балл, «4» – 17 балл, «5» – 25 баллдарға ауыстырады.
Бірыңғай талаптардың сақталуын қамтамасыз ету және тест тапсырмаларын (сұрақтарын) бағалау және пәндер емтихандары кезіндегі даулы мәселелерді шешу, түсушілердің құқығын қорғау мақсатында білім беру ұйымында апелляциялық комиссия құрылады.
Апелляциялық комиссия құрамына апелляция комиссиясының төрағасы, хатшысы және мүшелері кіреді.
Тестілеу немесе пәндер бойынша түсу емтихандарының нәтижелерімен келіспеген тұлға шағым білдіруіне болады.
Апелляцияға өтініш тестілеу немесе түсу емтихандарының нәтижелері хабарланғаннан кейін апелляциялық комиссияға келесі күнгі сағат 13.00-ге дейін беріледі және бір тәулік ішінде өтініш берушінің қатысуымен апелляциялық комиссияда қаралады.
Апелляциялық комиссия шешімі комиссия құрамы тізіміндегі тұлғалардың көпшілік даусымен қабылданады. Дауыс тең болған жағдайда комиссия төрағасы шешуші дауыс беруге құқылы. Комиссия жұмысы төрағаның және барлық комиссия мүшелерінің қолдары қойылатын хаттамамен ресімделеді.
Тестілеуді қайта тапсыруға рұқсат етілмейді.